Реклама от asia.kz: Создайте себе сайт-визитку бесплатно!
Конструктор сайтов и интернет - магазинов в казахстане
asia.kz/create/shop/

Өмірбаян деректері

Сабыр Рақымов 1902 жылдың 25 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында дүниеге келген. Бұл өңірде, негізінен, Суанның Бағыс рулары қоныстанған. Бұрын халық бұл ауылды «Бағыс ауылы» деп атайтын. Сабыр Рақымовтың Айқынбай, Жетібай бабалары Жоңғар шапқыншылығына, Қоқан хандығына қарсы күрескен батыр кісілер екен. Жетібайдан тараған Жанжігіт датқа – Төле бидің қасында жүріп, Ташкент қаласының маңында билік құрған адам. Осы Жанжігіттен Үсен, Үсеннен Мәмбетқұл, Мәмбетқұлдан Омарқұл, Омарқұлдан Сабыр тарайды. Мәмбетқұл атасы да датқа болған, яғни, ел басқарған адам. 1907 жылы Сабырдың әкесі Омарқұл қайтыс болады. Ендігі кезекте қамқоршысы болып қалған атасы Мәмбетқұл Сабырға ескіше сауат ашқызады. Алайда, көп ұзамай ол кісі де дүниеден өтеді. Сабырдың анасы Ташкент маңайындағы Жүнісабадта тұратын диқанның қызы Бахарайым өзбектің қызы болатын. Ол уақытта шекаралас жатқаннан кейін біздің өңірдің адамдары өзбектермен қыз алысып, қыз берісіп, аралас-құралас өмір сүрген. Ауылда қарайласатын ешкімі қалмағаннан кейін Бахарайым қабырғасы қатаймаған екі баласын алып, төркініне, яғни, Ташкентке кетеді.Ташкенттің маңындағы Тақтапұл дейтін жерде Бахарайым туған ағасы, диірменші Рақымды паналап, қолына қызы мен сегіз жасар баласын ертіп барады . Бұл кездері елде байларды қуғындап, саяси репрессия жүріп жатқан болатын. Сабырдың арғы аталары бай, датқа болған кісілер еді ғой. Осының зияны тимесін деген ниетпен, оны нағашы ағасы өз атына, яғни, «Сабыр Рақымов» деп жаздыртып алады. Сабырдың балалық шағы осында өтеді. Мұнда келгеннен кейін де олар көптеген қиыншылықтарды, кедейшілікті, жоқшылықты басынан кешіреді. Бахарайым екі баласына нан тауып беру үшін ертеден қара кешке дейін еңбек етеді. Әртүрлі ауыр жұмыстар істейді. Сабыр да байлардың қойын бағады. 1915 жылы Сабырдың қарындасы қайтыс болады. 1917 жылы анасы Бахарайым да өмірден өтеді. Арада көп уақыт өтпей, Рақым ағасы да о дүниелік болады. Ташкенттегі балалар үйіне орналасады. Осында оқып, тәрбиеленеді.

Отбасы жайлы

Сабырдың балалық шағы төңкерiс алдындағы империялық Ресейдiң және оның отарланған шеткi аудандарының көптеген балалары сияқты кедейшiлiкте өттi. Әкесi Омар 1907 жылы қайтыс болған. Сауаты жоқ анасы, өзбек қызы Бахрайм Ташкентте ұлы мен қызын асырау үшiн кез келген жұмысты iстеп, шаршап - шалдығып жүредi. 1915 жылы қарындасы қайтыс болады. 13 жасар Сабыр жергiлiктi байдың малын бағып күн көрдi. 1917 жылы шешесi қайтыс болады да ол балалар үйiне қабылданады. Директоры татар азаматы Ш. Хасанов едi. Осы жерде оның қызы Әминамен кездеседi. Алайда, екеуінен ұрпақ болмайды. Сосын олар екі жасар, Ыдырыс деген баланы асырап алады. Өкінішке қарай, ол бала да жеті жасында қайтыс болады .Өмiрбаяндық құжаттарда Сабыр әйелiн Магра деп атапты: «Жұбайы – Рахымова Магра, мекенжайы – Ташкент қаласы, Сталин көшесi, 2 - үй, 1 - пәтер, зейнетақымен қамтамасыз ету 1971 жылы тоқтатылды”. Генералдың жеке iс - қағаздарында тек қана осы бiр әйел ғана жазылған. Басқа әйелдерi, қазiргi тiлмен айтқанда, азаматтық некеде немесе тағы басқа жағдайларға байланысты көрсетiлмеген. Құжат бойынша тiркелген емес.

1937 жылы байдың баласы деп айыпталады. Сабырдың Жанжігіт бабасы да, Мәмбетқұл бабасы да үлкен датқа, бір ауылды басқарған ақсүйек, бай адам болған. Осыны пайдаланып, домалақ арыздар түскен,содан қуғындалған. Сосын Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында совет қарулы күштерін антисоветтік элементтерден тазалау науқаны басталды. Оған саяси жағынан сенімсіз офицер ретінде жала жабылды. Сөйтіп, 1937 жылы ұсталып, 14 ай абақтыда отырады.

1944 жылы Құралай апамызға үйленеді.

Құралайдың шыққан тегі қандай еді?

Құралай апа әйгілі революционер Әліби Жангелдиннің қызы . Сабыр басқарған 37-дивизияның медициналық бөлімінде қызмет істеп, майдан даласында бірге жүрген. Өмір бойы күйеуінің аманатына адал болған, Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеуге бүкіл ғұмырын сарп еткен Құралай Натуллаева да тегін жердің қызы емес екені айдан анық. Текті жерден шыққан адам ғана тектілік танытады емес пе? Ол туралы Әкім Ысқақ былай: «Шерхан ақсақал Құралай Натуллаеваны Ташкенде өскен деген. Ол Әліби Жангелдиннің қызы екен. Қазақтың текті азаматының ұрпағы болғандықтан да шығар, Құралай апа өзінің мықтылығын паш етті. Генерал басқарған дивизияның медициналық бөлімінің жауынгері болған. Құралай апамыз қазақтың аяулы қыздарының бірі. Өмірінің соңына дейін күйеуінің атын көкке көтерген адал жар Құралай ападай-ақ болсын. Өзбек ағайындар Құралай ападан қатты қорыққан. Өйткені, одан Сабырдың қазақ екенін кез келген сәтте дәлелдеп, құпияны ашып қоюы мүмкін деп сескенген. Өзбекстанның Орталық партия комитеті де, Қауіпсіздік комитеті де бақылауда ұстаған. Арнайы үй беріп, содан аттап басқан ізін аңдып отырған», – дейді.

Құралай Натуллаеваның бізге жеткен экрандағы бейнесінде: «Ұзын біреу келе жатты. Сонда әкем: «Мына дию кім?» – деді. «Бұл – Сабыр деген қазақ», – деді Ақбаев. Папам танысып-біліскен соң: «Мынау менің қызым. Осыған бас-көз боласың. Сен Ұлы жүзсің, мен Орта жүзбін», – деді. Сонда Сабыр: «Мен сізді білемін, қара қыпшақ Қобыландының ұрпағысыз. Мақұл», – деп, мені тоқал қылып алды», – деп қысқаша қайырады.

Екінші жары Құралай Натуллаевадан бір ұл, бір қызы болған. Құралай апамыздың Сабыр Рақымовты танытудағы еңбегі зор. Майданда күйеуінің жанында бірге жүрген. Ұлдарының аты Рахметолла (оны Роман деп атап кеткен), қыздарының есімі – Дарико. Ұлы Роман мен Құралай апа ең соңғы рет елге 2006 жылдың 17 мамырында келген. Роман аға да батыр тұлғалы кісі. 1971 жылдан бері Мәскеуде тұрады. Алғашында Ташкентте, кейіннен Мәскеуде жұмыс істеген. Қазір зейнетте, үш қызы бар. Дарико әкесінің майдандас досы армия генералы П.И.Батовтың келіні болып, Қиыр Шығыстағы Магадан қаласында тұрған. Сол жақта қайтыс болады.

Құралай Қазақстанға қалай келді

Құралай Натуллаеваның елге оралуының өзі бір аңыз. Әркім әртүрлі сөз өрбітеді. Бір тарап Бауыржан Момышұлы елге оралуына септігін тигізді десе, екінші жақ Момышұлының бұл іске ешқандай қатысы жоқ деседі. Әкім Ысқақтан естіген әңгімесінде былай : «Бауыржан Момышұлы Сабыр Рақымовты «ағам» деп, қатты мойындаған. Баукең Мәскеудегі академияның тыңдаушысы болып жүргенде, Рақымов екеуі жиі кездесіп тұрыпты. Оқуын бітірген соң Момышұлы Сабыр атамыз бен Құралай апамызды арнайы қонақ етіп, Ташкенге шығарып салған екен. Құралай апа: «Вокзалдан бізді Мәлік Ғабдуллин мен Сабырдың бауыры атанған Бауыржан Момышұлы қарсы алды. Сөйтіп, төртеуміз Алматыға тартып кеттік. Бұл генералдың туған жердің ауасымен тыныстауға мүмкіндік алған ең соңғы сапары екен. Генерал соны сезгендей пойызбен кетіп бара жатқанда, Бауыржанға да, Мәлікке де елжіреп қарай берді. Қазақстандағы халықтың әл-ауқатына, тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне қызығушылық білдіріп, қайта-қайта тәптіштеп сұрады. Халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен қос қаламгер Бауыржан мен Мәлік те қарулас достарына, тіпті ағасындай болып кеткен Сабырға өздері білетін барлық мән-жайды жарыса айтып отырды. Бала күнінен батырлар жыры мен ертегілерге қатты әуестенген Сабыр олардың сөздерін ынты-шынтымен тыңдаудан жалықпады. Ал Бауыржан мен Мәлік тереңнен толғап, жырауларша ой шертті», – дейді.

Соғыстан кейінгі жылдары Құралай апамызға қатысты біраз әңгімелер болды. Ташкенде ол кісіге барлық жағдайды жасағанмен, қапаста ұстағандай қатаң бақылауда болған. Құралай апамыздың мықтылығы – радионың тікелей эфирінде: «Сабыр Рақымов – қазақ!» – деп жариялап жіберген.

Бауыржан Момышұлы Құралай апамызды арнайы іздеп барып, елге көшіріп алуға көмектескен. Бірақ Өзбекстанның ресми билігі араласып, Құралай Натуллаеваны кері қайтарып алады. Кейіннен Дінмұхамед Қонаев Қазақстанға қайта оралуына ықпал етеді».

 «Құралай апай туралы ерекше ештеңе айта алмаймын. Өйткені, мен көргенде, ол кісі қартайып, бір сөзінен бір сөзі ауытқып кеткен еді. Соғыс кезінде тұтқынға түскен адамға өткенді еске алу оңай емес. Ол кісі азапты көп көрген. Соғыстан кейін Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеумен алысып өмірден өтті. Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ташкеттен бір түнде көшіріп, басқа бір облысқа орналастырған. Жағдайының бәрін жасаған. Өзбектердің бір ғана талабы – Сабырдың ұлтының кім екені туралы ешкімге тіс жармау керек болған. Бірақ, Құралай апай Қазақстанға қашып келіп, Алматының іргесіндегі біреудің тауық кепе сияқты жаман саяжайында жалғыз өзі бірнеше жыл тұрыпты. Алтыншаш Жағанова көші-қон басшылығында жүргенде, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Храпуновқа арнайы хат жазып, оралман ретінде Құралай апамызға үй алып беруге көмектескен екен.

«Бауыржан Момышұлы Құралай апамызды елге көшіріп алып келіпті» деген жаңсақ сөз болуы мүмкін. Бірақ, Баукең Сабыр мен оның әйелін қатты құрметтегені рас», – дейді Лұқпан Бәшенов.

Марапаттары

Сабыр Рахимов әскери мектептен соң атты әскер взводының эскадрон командирі болып Қарақұмдағы басмашыларға қарсы күресте үлкен ерлік көрсетеді. Осыған байланысты ол 1927 жылы «Қызыл Ту» орденімен, 1930 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2 - рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді.

1942 жылы Рахимов дивизия командирі міндетін атқарушысы болып тағайындалды. Сондағы бір әскери құжат былай дейді: «Рахимов басқарған дивизия шайқастарында 4000 фашисттің көзі жойылып, 100-і тұтқынға түсті, 4 ұшақ құлатылды».

1942 жылы 22 тамызда подполковник дәрежесін алған Рахимов 1943 жылы 19 наурызда генерал-майор Мәскеудегі Бас Штаб Академиясына оқуға шақырылды. Міне сол кездегі С.Рахимовқа берілген мінездемелер: 12-ші Армия бас қолбасшысы генерал-майор А.Гречко: «Инабатты, ұстамды, тактикалық білімді, тәртіпті офицер. Шабуыл кезінде дивизия бөлімін дұрыс басқарады» десе, 56-шы Армияның бас қолбасшысы  генерал-майор Рыжков: «Шешімді, ізденгіш, ойшыл командир. Рахимовтың қайсарлығы мен жүректілігі оның қарамағындағыларға үлгі бола алады»,-деп бағалапты.

Кейін өмірінің соңына дейін 37-ші атқыштар дивизиясының командирі болып, 2-ші Белорус майданында соғысады. Дивизия майданының басқа бөлімдерімен бірге отырып, 25 шақырым алға жылжиды. Жаудың Польшадағы негізгі трек пункттері – Дзядлова, Млава, Плоньск, Пултуск қалалары мен Цеханов-Модлин теміржолы жаудан тазартылды. 16 күннің ішінде 215 шақырымға созылған Польшаның 124 елді мекені жаудан азат етілді.

Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 Қызыл Ту, Суворов және Кутузов ордендері тағылды. Рахимов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 2 - дәрежелі Суворов ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ақырғы аттаныс

МИЫНА МИНА ЖАРЫҚШАҒЫ ТИГЕН…

Сабыр Рақымовтың ең жақын ағайындары туған жерінде тұрады. Біз Рақымовтың туыстарын іздеу барысында Нұрдәулет Құраловты тауып, ол кісіден де біраз жайдың мәнін білдік. «Сабыр басқарған дивизия Данциг (Гданьск) қаласын азат ету ұрысына кірісіп кеткен. Балтық теңізіне шығар жолдағы бұл қаланы фашистер бар күшімен қорғаған. 1945 жылы 25 наурыздың түніндегі ұрыстан жеңіс нышанын байқаған дивизия басшылары таңертең командалық пункт алдында жеңісті жалғастыру жайында пікір алысып тұрғанда, олардың қасынан бірінен соң бірі үш снаряд жарылады. Сонда Сабырдың сол көзінің қабағынан өткен жарықшақ миын зақымдаған екен. Содан өзіне келе алмай, соғыс бітуге 40 күн қалғанда, 1945 жылдың 26 наурызы күнгі түскі сағат 1-дің шамасында 43 жасына қараған шағында өмірден өткен. Сүйегі Ташкенттегі Кафанов саябағы бауырластар зиратына жерленген», – дейді Құралов.

Генералдың қалай қаза тапқаны жөнінде көптеген мәліметтермен қатар, А.Құралов сол шақта окопта генералмен бірге болған Т.Қауынбаевтың естелігінен келтіреді. Өз естелігінде Т.Қауынбаев былай дейді: «Сабыр ағаның қазасын әркім әр түрлі болжайды». «Құрышкомдив» кітабын жазған Зинченко ол кісінің бір бүйіріне снаряд жарықшасы тиіп, содан қайтыс болды дейді. Түркістан әскери округінің «Фрунзавец» газетінде жарияланған «Өмірдің өртті өткелі» суреттемесінде Андреев генералды фашист мергенің оғынан қаза тапты деседі. Ал, менің есімде қалғаны, Данциг /Гданск/ қаласына жасап жатқан шақ. Дивизия саяси бөлімінің бастығы полковник Смирнов , артиллерия құрамасының қолбасшысы полковник Руденко, байланыс қызметінің бастығы подполковник Голованьды қасына ерткен Сабыр аға Омарұлы 1945 жылы 25 наурызда 109-шы полк шабуылдап жатқан шепке келді. Бір жағы жауынгерлерді жігерлендіріп, екіншіден ұрыс даласымен байқап қайтпақшы болды.

... Бірге отырып дәм тату жайындағы ұсынысқа алғыс айтқан Сабыр аға бақылау пунктін ауыстыру жайын еске салады да, қасындағы серіктерімен бүйірлеу бағытқа беттейді. Шақырымға жетер-жетпес жерге келіп, жайғаса берген кезде заңылдай да жарқырай ұшқан миномет генералдар отырған жерге бұрқ ете қалды. Жан ұшыра жүгірген біз қызылала қан болған комондирге жеттік. Кейін білгеніміздей, Смирнов, Головань тіл тартпай көз жұмыпты да, Рудненконың оң аяқ саусақтары түгелдей қырқылып түсіпті.

Ал Сабыр аға көзін басып, қиналып жатыр екен.

- Сабыр аға, не болды? – деп тіл қаттым.

- Тоғанбаймысың? Не болғанын қайдам, әйтеуір мына көзім суырып алып барады. 

Ол кісінің айтқаны осы болды. Жалма-жан аяулы ағаның жараланған көзін танып, медсанбаққа хабарладық. Сол бетте далалық госпиталға апарылған Сабыр аға тілге келмей соңғы сапарға аттанды. 30 наурыз күні Рахимов және оның мйдандас достары Белоруссияда Гродно қаласында жерленді. Соғыс біткен соң, 1945 жылдың мамыр айында Сабыр ағаның мейіті Ташкентке әкелінді. Рахимовпен қоштасу, қайғылы митингі 25 мамырда болды. Денесі Ташкенттегі Бауырластар мазаратына жерленген.

Бүгінде заман лебі өзгерді. Ташкентте ұлттық батыр ретінде дәріптеліп келінген Сабыр ағаның ескерткіші басқа орынға көшірілді.

 

Сабыр Рахимовқа 1965 жылы 6 мамырда КСРО Жоғары Кеңесі Президумының Қаулысымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.                 

1991 жылы батырдың туған жері Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылындағы орта мектепке Сабыр Рахимов есімі берілді. 1997 жылы 11 маусымда осы мектептің директоры С.Рахимов өмірін зерделеуші А.Құраловтың бастамасымен С.Рахимовқа ескерткіш орнатылып, мұражай ашылды.

2002 жылы Түркістан қаласында «Коммунизм» мектебіне Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор С.Рахимов есімі берілді.

2012 жылы мамыр айының 8 жұлдызында С.Рахимов атындағы жалпы орта мектепте С.Рахимовтың 110 жылдығын тойлап өтті. Осы мерекеде мектепке С.Рахимовтың бюсті орнатылды.

Жеңімпаз Сабыр

1919 жылы Ташкенттегі тоқыма фабрикасына жұмысқа тұрады. Бұл жерде тоқымашы ретінде өндірістің тапсырмасын асыра орындап, комсомол қатарына қабылданады. Бұл фабрикада екі жылдан аса жұмыс істейді. Әрі комсомол ұйымының белсенді мүшесі болады. 1922 жылдың қараша айында оны озат жұмысшы ретінде  Бакудегі Біріккен әскери мектепке оқуға жолдамамен жібереді. Мұнда көбінесе орта буынды әскери командирлер мен құрғақта соғысатын атты әскер кадрларын дайындайтын. Қысқасы, осы кезеден бастан оның әскери қызметі басталады. Сабырдың өзі бойлы, алып денелі , батыр тұлғалы болған екен. Әрі білімділігімен, алғырлығымен, өжеттілігімен қатарластарынан ерекшеленіпті. Бірде осы мектептің курсанттарын  сынап көру мақсатында, былайша айтқанда, емтихан алуға КСРО-ның әскери істері жөніндегі халық комиссары, қолбасшы Михаил Фрунзе келеді. Мұғалімдер жауынгерлер арасында атпен жүру мен қылыш ұстау өнерінен сайыс ұйымдастырады. Сонда Сабырдың ат үстіндегі шеберлігіне, қылышты жақсы меңгергеніне, әскери сауаттылығына қолбасшы Фрунзенің өзі ерекше тәнті болып, оған қоладан құйылған аттың мүсінін сыйға тартқан екен. Сондай-ақ, Сабыр жас кезіннен- ақ ұйымдастырушылық қабілетімен, қоғамдық жұмысқа жиі араласуымен ерекшеленген. Курсант кезінен  бөлімше командирі, сосын взвод командирі болған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі - батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.». Сабыр Рахымов – нағыз аттың құлағында ойнаған,  бес қаруын асынған салт атты сарбаз, айбарлы батыр ретінде тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.

1925 жылы осы әскери мектепті үздік бітіргеннен кейін Сабыр жолдамамен Самарқан қаласындағы атты әскерлер дивизиясына жіберіледі. Алғашында атты эскадроннының біріне взвод командирі етіп тағайындалады. Көп кешікпей эскадрон командирі болады. Бұл кезде елде басмашылар қозғалысы жүріп жатқан болатын. Бұл шайқастың негізгі күшінің бірі Қашқадария облысының Китаб қаласында орналасқан еді. Оқуды жаңа бітірген Рақымовтың взводы осы жерде басмашылармен шайқасады. Сабырдың взводының ерлігіне ризашылық білдіріп , С.М.Буденный оған семсер қылыш сыйлапты.

Читать далее

ЕСТЕН КЕТПЕС ЕСТЕЛІКТЕР

Кеңестер Одағының батыры Бауыржан Момышұлы:

Сабыр Рақымов- Қазығұрттай киелі  тауда туып, Өзбекстанның жерінде өмір кешкен, Азияның арыстан іспеттес, Батыста да қалың жауға дес бермеген генерал-майор. Ол кісінің өлмес рухын ардақтаймын.

Сабыр Рақымов жайлы зерттеу барысында көптеген адамдармен жолығып, әртүрлі естеліктер мен жазбаларды жинақтаған едік.

 Салыбай Ешенұлының естелігі:   «1980 жылы Алматы-Ташкент автокөлік тас жолында Қазығұрт тауының асуында мемлекеттік жол бақылау инспекциясының бекеті болатын.Сол бекетте жол бақылау инспекторы болып қызмет атқарушы едім. Бірде біздің бекеттің жанына «М-21 Волга» жеке автокөлігі келіп тоқтады. Жүргізуші көліктің капотын ашып, бір нәрсесін шұқылап әлек болып жатыр екен. Мен жанына барып, жағдай сұрастым. Суы қайнаған көрінеді. Оның үстіне «белбеуі»(ремень) де үзіліп кетіпті. Көліктің ішіне көз жүгіртсем, тағы екі адам отыр. Үшеуі де өзбек ағайындар екен.Маған қол ұшын созып, жәрдем беруімді сұрады. Қонақжай халықпыз ғой, Қазығұрт етегіндегі «Күйік» қой зауытына барып, гараж меңгерушісін қолқалап жүріп, бір «белбеу» тауып әкеп бердім. Оның үстіне зауыттың темір ұстасын ала келіп, көліктерін  жөндеттім. «Волга» дүрілдеп, жолға шығуға дайын екенін білдіргендей иінімен демалып тұр. Риза болған болу керек, бағанадан көлік ішінде отырған сом денелі, қабағы түксиген ел ағасы адам өзі келіп, маған алғысын айтып:

   -Танысып қоялық, Кеңес Одағының Батыры Хуртам Ашуровпын!- деді. Мен де өзімді таныстырып жатырмын. Үшеуі де лауазымды адамдар екен. Кеуделерін ашып, жарқыраған жұлдыздарын көрсетіпжатыр.

  -Укам, саған катта рахмат!-деп арқамнан қайта-қайта қағады.

  Мен оларға «Бекетке кіріп, бір-бір кесе қымыз ішіңіздер» деп қолқа салдым. Олар онсыз да жолдан шаршап келе жатқан болуы керек, дереу келісті. Үстел басында қымыз ішіп, қызара бөрткен Хуртам Ашуров әңгіме көрігін қыздыра түсті.

   -Осы қазақ ағайындарға қатты риза боламын. Өте бауырмал, өте қонақжай халық. Қазақтардың талай жақсылығын көрдім өз басым,-дей берді де, маған жалт қарап:

  -Ау, өзің қай рудансың?-депсұрады.

– Мен Суанмын, оның ішінде  Бағыс деген руданмын.

 Көзі төбесіне шығып кете жаздаған Ашуров мырза мені құшақтай алды да:

О-о-о! Онда сен менің туған укам екенсің! Мен генерал Сабыр Рақымовтың адьютанты болып қызмет атқарғанмын. Енді сол кісі туралы кино түсіртейін деп жүрмін, -деді де жүргізушісіне көліктегі кішкентай шабаданын алып келуге тапсырды. Оның ішінен Сабыр Рақымовтыңбірнеше суретін көрсетті.

Бұл сенің туысқаның! Ол кісі екеуміз Қазығұрт тауы туралы көп әңгімелесуші едік. Қазығұрттың баурайында туысқандарым бар деп үнемі айтып отыратын, – деп маған генералдың он шақты суретін тастап кетті. Ал мен оларды ауылдан ауылға алып шығып,ағайындарға көрсетем деп жүріп, көбісін жоғалттым. Қазірде қалғаны бір-екі сурет қана…..»

С. Рақымовтың немере інісі Шерхан Рысқұловтың естелігі: –Осыдан он алты жыл бұрын 96 жасында ет жақын туысы, біздің ағамыз Байдар ақсақал өтті өмірден. Ол кісі Сабыр ағамның әкесі Омарқұл атамыздың 1908-1909 жылдары дүниеден кеткенін, сырқат кезінде басы-қасында болып, ақырет сапарға өзі аттандырып салғанын айтып отырушы еді. Сабырдың да, бәріміздің де ата-бабаларымыз бір, осы Көкібелде дүниеге келген.

Сабыр шамамен жетіге келгенде Омарқұл атамыз қайтыс болып, Бахарайым жеңгеміз төркіні жағына жақынырақ болу үшін Тәшкент шетіндегі Тақтапул  деген жерге көшіп барады. Біздің жеңгеміз Бахарайым сол Тәшкент маңындағы Жүнісабат деген жердегі өзбек диқанының қызы еді. Күйеуі қайтыс болған соң туған ағасы Рақымның қолына келді. Тағдырдың жазғаны сол шығар, Бахарайым апамыз да көп ұзамай көз жұмады. Содан нағашысының балаларымен бірге мектеп табалдырығын аттаған Сабыр «Рақымов» боп жазылып кете барады. Дегенмен, нағашысын «Адал, еңбекқор жан еді» деп араласып, артынан барып тұрған туыстарымыз айтып отыратын. Содан ба, туған жерім деп еміренетін бе еді, Сабыр әскери оқуда жүргенде осы Көкібелге бірнеше рет келіп кетті.

          Сабырдың  алғашқы әйелі татар қызы Макира еді (оны жұрт Әмина деп атаған – автор), одан ұрпақ болмады. Кейінгі жеңгеміз қазақ, Әліби Жангелдиннің қызы Құралай Натуллаева – генерал басқарған №37-ші дивизияның медициналық бөлімінің жауынгері ретінде майданға бірге қатысқан жан. Ағамыздың сол кісіден туған егізРахметолла (Роман) деген ұлы, Дариға (Дарико) атты қызы бар. Рахметолла Тәшкентте тұрады.( Қәзіргі кезеңде Мәскеуде тұрады-Ә.Ы.)Айтпақшы, Сабыр ағамыздың нағашысы, құдамыз Рақым марқұм өле-өлгенше жиенінің жайын қозғап, енді артында қалған жетімекті Көкібелдегі туыстарына тапсыруды қайта-қайта аманат етіпті. Бірде, Бахарайым апамыздың інісі  Әзизмат-ака да батырдың кішкентай кезінде тынымсыз, бойы ұзын, өзі өжет болғанын, көше балалары оны «Сабыр қазақ» деп атайтынын айтқан екен.(Естелік Көкібелде,1991 жылы тамыз айында жазылды– Ә.Ы.)

Шымкенттік  ғалым Әсілхан Оспанұлы генерал туралы ізденіп жүріп, 1973 жылы 21 тамызда Сабырдың немере қарындасы Лүтпі Оспанқұлқызына жолығады. Бұл Ташкент облысы Орджоникидзе ауданының «Коммунист» колхозында тұрады екен. Қазығұрт етегіндегі Көкібел жерінен шыққан Мәмбетқұл бабасынан Омарқұл, Мәуленқұл, Оспанқұл тарайды. Ал Лүтпі, өзі о баста Мәуленқұлдың қосағы болған, кейін әмеңгерлік жолымен қайнысы Оспанқұлға қосылған Үрі әжеден туған қыз. Бүкіл тіршілігінде бір перзент көруді армандап күңіренумен, көрінген ағайынның баласын бауырына басумен өтіп келе жатқан Оспанқұл осы қызын көріп барып, көзайым болған екен. Лүтпі Сабыр ағасымен тек немере туысқан емес, әрі емшектесе те. Бахарайым Сабырды босанғанда емшегіне жара түсіп, баласын емізе алмаған. Содан оны Лүтпінің анасы Үрі емізіпті.

С. Рақымовтың немере қарындасы Лүтпі апайдың естелігі:1943 жылы жазда салт атпен үй алдына келген әскери киімдіні алғаш танымай қалдым. «Шекер қыз, бұл үйде кім бар?» деп сұрады. Сөйтсем, Сабыр ағам! Сомадай екеніме қарамастан мені көтеріп, алдына отырғызып алды. Сөйтті де басымнан сипап көңілі бұзылып, қамыға сөйлеп «Бейшара жетімшем, әкең перзентсіз кетіп еді, қаршадайыңнан жұмыс істеп жүрмісің?»-деп маңдайымнан сүйді. Сол сөздерді естігендегі көңіл-күйімнің қандай болғанын бұл күндері жеріне жеткізіп айтып бере алмаймын. Ауылда үш күн жатып аттанарда апама, өзіме және Кәдір ағама (Мәуленқұлұлы, Лүпті екеуі шешелес- Ә.Ы.) айтқан жылы сөздері жүректе сайрап тұр.

  – Апа,- деп еді сонда шешем Үріге. –Қапаланбаңыз, қәзір басыма түсіп тұрған іс-ауыр іс. Қарауымда көп әскер бар. Осы ауыртпалықты абыроймен атқарып, ақ сүтіңізді ақтармын. Маған оң батаңызды беріңіз.

Содан соң менің арқамнан қағып, маңдайымнан сүйіп, «Амандық болса сені өз қолыммен ұзатамын», деді. Өзін шығарып салуға келіп тұрған басқарма бастығы Мыңбай ағаға айтқан ескертпесі талайларды таңдантып тастады:

  – Менің інім екен деп Кәдірді армиядан алып қалам деп әуре болып жүрмеңіз. Бір бізге емес, күллі елге сын бұл!

Сабыр ағамның өз халқымыздың өлеңдерін, олардың айтылатын әуендерін жақсы білетінін біз колхоз басқармасы өткізген сауық кешінде көрдік. Майда қоңыр даусымен бірнеше ән салып беріп еді. «Жолдастар, мұндайда ауылдың алты ауызын айтып үйренген қазақпыз ғой. Мен де сіздерге екі-үш ән айтып берейін. Біздің ауылда, менің бала кезімде, мынадай бір өлең айтылатын», -деп мына әнді шырқап еді. Алғашқы қатарлары ғана есімде қалыпты:

      -Алатаудың басында алмалы бау,

       Атқа жылдам мінгізер үзеңгі бау.

       Үзеңгі бау болмаса жайдақ жақсы,

       Жаман қатын алғанша бойдақ жақсы!….

  Бұдан кейін айтқан әндері, ұмытпасам, «Қараторғай» мен «Аққұм». Екеуін де нәшіне келтіріп салды. Және бұл әндерді өзі қатты ұнататын. Сондай-ақ Сабыр ағам сол күнгі кеште патефон қойғызып, бірнеше қазақ күйлеріне шаттана би биледік.

  Осы сауық кешінде ағаммен фамилиялас Баршакүл Рақымова деген келісті келіншек те болып еді. Ол колхозымыздың қойма меңгерушісі-тін. Міне, сол келіншек Сабыр ағам аттанып жатқан күні жол жиегінде әуіт басында тұр екен.

 -Сабыр аға, қош енді,-деп тіл қатты. Мені алдына алып, ат үстінде келе жатқан ағам Баршакүлдің тұсынан өте беріп, аттың басын тартып, кілт бұрылды да, оған өлеңмен әзіл тастады. Сондағы сөздері ұмытпасам мынау болатын:

      -Баршакүл, сұлулығың мақтадайсың,

         Жақсы болсаң көңілге дақ салмайсың.

   Кәйеріңмен дұшпаның кемітеді,

Мекемеде отырған датқадайсың?!

1945 жылғы 28-ші наурыз күні Тәшкентте аяулы ағаның мәйіті жеткізіліп, қаралы жиынға бүкіл Тәшкент жиналды десе болғандай. Шешеміз екеуміздің алғаш көргеніміз-айналасын қарамен көмкерген қызыл шүберек байланған еркек, әйелдер, Сабыр ағаның шымқай қара киінген бұрынғы татар әйелі Макира, басқа да қара-құрым көпшілік. Бізді, ең ет жақын туыстарын маңына да жолатпапты. Сөйтсек, ағамыз майданда жүргенде әлгі жеңгеміз айнала төңіректің бәріне, әсіресе Түркістан әскери округінің басшыларына «Сабырдың қарақан басынан басқа туған-туысқанынан ешкімі жоқ» деп түсіндіріп қойған екен. Сол сәт Сабырымыз бір емес, екі өлгендей әсер етті ғой. Айдалада жүріп жылап-сықтағаннан басқа бітіргеніміз болған жоқ. Әрі-беріден кейін шешем «Сабыр өлді» дегенді сол жерде естіп, талып қалып, өзім ебіл-дебілім шығып, әбден әбіржідім….

        С. Рақымовтың майдандассерігі Рашид Момыновтың естелігі: –Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенінбәріміз де білетінбіз. Кейде қазақша сөйлеп қоятын. Бірақ мен үшін ол кісінің біздің республикадан шыққан тұңғыш генерал екендігі қымбат. Қазақ болсын, өзбек болсын ортамыздан шыққан орны толмас ұл еді…(Ә. Оспанұлы – 1974 жыл, 19 ақпан)

Батырмен бірге соғысқан өзбек жолдасының бұл сөздері Рақымовтың сол кезде-ақ қазақ екені қаруластарына белгілі жайт  екенін аңғартып тұр емес пе?! Осы тұста асыл бабаның майданда жүріп те өз ұлттығынан айнымағандығын анық байқаймыз.

 С. Рақымовтың жары Құралай Натуллаеваның естелігі:

«Мен Сабырмен соғыста бірге болған адаммын. Екеуміздің қазақ екенімізді дәлелдеу үшін елу жыл бойы сандалып бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Әбден күйіндім де1946 жылы  радиокомитетке барып тікелей эфирден Сабырды да, өзімді де «қазақпыз» деп жариялап жібердім. «Сабыр ұлы жүздің баласы, Суанның ішіндегі Ханбағыс, Мәмбетқұл датқаның немересі» деген сөздерімді естіп, Өзбекстанның қауіпсіздік ұйымының қызметкерлері келіп, мені бір түнде жүк машинасымен алып кетті.»

Сабыр Рақымовтың  Құралайға деген ерекше ыстық ықыласы мен құрметі ешқашан өзгерген емес. Жүрегіндегі бар сырын ақтарған майдандас әрі сенімді серігі,айнымас адал жары бола білді. Польшаны азат ету ұрысында Гданьск қаласы аумағында үлкен жарылыс болып, кең жауырынды қазақ батыры мәңгілік сапарға аттанады. Осы кезеңнен бастап Құрайлай Натуллаева үшін нағыз тозақты күндер басталады.Батырдың «Менің арманым – қазақ болып өлу» деп айтып кеткен аманатына адалдығынан танбаған Құралай апай Өзбекстан жеріндегі жұмақ өмірден баз кешіп, туған жеріне келіп, бір ауылға қоныстанады. Тіпті көршілеріміздің оның «Сұлтанова Санобар Очиловна» деп өзгертіп берген есімі жазылған құжаттарының барлығын жыртып тастайды. Сөйтіп, өзбектердің берген сауғасы мен жәрдемақы атаулыдан бас тартып, көк тиын алмай күн көреді.

Ол өзінің және жары Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеу үшін талай бейнеттің азабын тартты. Соғыстан кейін майдандағы күйзелістен мың есе ауыр тауқыметін көріп, ұлты танылмай кеткен ерінің арманын орындау үшін, балаларын табу үшін, бойындағы қазақы қанды ақтау үшін арпалысып, халқының көзін ашып, баға жетпейтін қазынаны сыйға тартып кетті.

***

Ресейдің Ұлы Отан соғысына арналған сайтын ашып қарасаңыз, барлық Кеңес Одағының батырлары туралы мәліметтерге қарық боласыз. Солардың ішінде өзіміздің Сабыр Рақымов та жүр. Ең бастысы, оның ұлты «қазақ» екені жазылған. «Рахимов Сабир Омарович – командир 37-й гвардейской,  Речицкой дважды Краснозаменный орденов. Суворова 2-й степени, Кутузова 1-й степени, Богдана Хмельницкого 2-й степени стрелковой дивизии 65-й армии 2-го Белорусского фронта, гвардии генерал-майор. Родился 25 января (по другим данным 1 января) 1902 года в городе Ташкенте. Казах. В детстве рано познал нужду, несколько лет провел в приюте, затем батрачил».

Батырдың соңғы сөзі

Атағы жер жарған қолбасшы Г. Жуковтың шақыруымен Сабыр жағдай ушығып тұрған 2-ші Белорус  майданға келіп, алғырлығымен, қолбасшылық шеберлігімен көзге түседі. 1945 жылы 28 қаңтарда майдандағы соғыс бағыты Польшаның Грундзендзе қаласындағы жау әскерін талқандумен басталды. Бұл жер нағыз соғыстың қызып жатқан ортасы болатын. Дәл осы жерде 109-полк командирінің адьютанты болып жүрген Тоғанбай Қауымбаевпен кездеседі. Қазақтың қос қыраны бірін-бірі бауыр көріп, генерал да одан қамқорлығын аянбайды.

Елік Дүйсебеков өзінің «генерал Сабыр Рақымов» деген кітабында сол кездегі –«Анасынан бір ұлттың баласы емес, Отанның шын қорғанышы болу үшін туғандай. Не деген талантты командир»-деп таңырқаған Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың тебіренісін сәтті жеткізе білген.  Өзбек жерінде өссе де қанындағы қазақылықтан танбаған Сабырдың ұлтына, тіліне, елі мен жеріне деген сйіспеншілігі аса биік болған. Ол қан майдандағы қазақтарға «бауырым» деп, ерекше ізгілігін көрсетіп жүрген. Тоғанбай Қауымбаев та небір сұрапыл шайқастарда оның ағалық лебізіне жылынып, мейіріміне куә болған жандардың бірі. Ол генералдың соңғы сәтінде жанында болған жанның бірі. «Сабыр ақырғы айтқан сөздерін қазақ тілінде жеткізген еді» дейді.Польшаның Гданьск қаласын азат ету  жолындағы шайқаста ауыр жараланған генералды зембілде алып барған Тоғанбай ағамыз:

–  Сабыр Омарұлының қазақша «жарық дүние-ай» деп бірнеше рет қайталағанын анық естідім. Полковник Руденко да жанындағы ыңырсып жатқан генерал екендігіне сенгісі келмей, қайта-қайта басын бұрып, қарап қояды. Менен халін сұрап, қазақша сөйлегенін түсінбей, аударып беруімді өтінді. Оның дауысын естімесе де, генералдың көңілін аулап, біраз нәрселер айтып еді. Ал, Сабыр Омарұлы жаны қиналып, бар айтқаны «басым-ай», ….. «Көзім, бауырым. Түбі суырып барады. Ой, жарық дүние-ай!» деген сөздер еді…Ол кісінің соңғы сөзі осы болды. Жарық дүниені, туған жер аспанын бір сәтке, бір лездік мезетке көруді армандадыбілем,-деп, сол сәтті ауыр күрсініспен еске түсіреді.

Иә, ұлтыңа адалдық деп осыны айт! Жеңіс күніне небәрі қырық күн қалғанда жау оғынан қаза тапқан баһадүр тіпті суық ажалдың өзін хас батыр кейпінде қарсы алып, арманы болған ана тілінде сөйлеп, көз жұмды.

Бас Қолбасшы Сталиннің өзі «темір генерал» деп атап жоғары баға берген болса, Кеңес Одағының Маршалдары Г.К. Жуков, К.К. Рокоссовскийлермен терезесі тең сөйлескен, олар және генерал П.И. Батов «Азия арыстаны» деп атаған  Сабыр Рақымов туған ұлтына деген адалдығын осылай дәлелдеді. «Жарық дүние-ай» деп бұ дүниемен қоштасқан қазақ баласының қайта оралған есімі жұрт жадында мәңгілік сақталып, ендігі уақытта төбемізде жұлдыздай жарқырап тұра берері сөзсіз.

ЖАТҚА КЕТКЕН ЖАМПОЗДАР

Батырларымыз туралы толғанғанда біз таңырқайтын бір мәселе бар. Сол кездегі кеңестік саясаттың әсері ме, ұлтқа қатысты бұрмалаушылықтар аз болмаған секілді. Мәселен, батыр атанған өзге ұлттың өкілдерінің арасынан байқаусызда ұлты қазақ болып жазылып кеткен азаматты байқамайсың. Ал неге екені белгісіз, өз ұлтымыздан шыққан ерлеріміздің өзгеге жазылып кеткені тек Сабыр Рақымовпен шектелмейтіні жан жарасын одан әрі сыздата түседі.

Қазақтың бұл батыры кезінде құжаттардан қателік кеткендіктен ұлты өзбек деп жазылып қалған. Соғыстан кейін көзі тірі болғандықтан ғана өзі қайта-қайта құзіретті органдарға өтініш беріп «Мен өзбек емес, қазақпын!» деп жар салса да сөзін өткізе алмайды. Селт етер ешкім болмайды. Табанынан тозған Расул ағамыз қазақ атын қайтару үшін берісін айтпағанда, әрісі Мәскеуге дейін арызданып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы, даңқты маршал Ворошиловқа да хат жазған. Бірақ ешқандай нәтиже шықпай, әділет жоқ екен деп біржола түңіледі. Тек еліміз тәуелсіздік алған соң ғана батырдың өмір бойғы жанын мазалаған тілегі орындалып, оған «ұлты қазақ» деген төлқұжат тапсырылады. Салтанатты жиында қолына құжаты тиген сәтте тебіреніспен «Мен Қазақпын! Мен енді нағыз Қазақпын!» деп жылап жіберіпті.  Тарихи әділдіктің қалай орнағаны туралы журналист Қалыбек Атжан да «Жас алаш» газетінің 2011 жылдың 30 маусымындағы нөміріне «Қайта оралған қазақ батыры» атты мақала жазған болатын.

Ал енді мына жәйтқа назар аударып көріңіздерші. Генерал Сабыр Рақымовтың тағы бір туысы, Ташкентте тұрған сәулетші Өтеш Рәшид Исламұлыайтқан әңгіме.

– 1990 жылдары Ташкент қаласы Сіргелі ауданының ба сәулетшісі едім. Бір күні Хуртам Ашуров деген кісі жұмыс бабымен келді. Өзбекшелеп сөйлесті. Біз де бұл тілді өте жақсы меңгеріп алғанбыз. Ол жақта өзбекше сөйлемесең адамдардан жауап алу қиын-ақ. Өтінішпен келген екен, көмектестім. Өзі ашық-жарқын азамат екен. Бір кезде менің қазақ екенімді сезіп қалды.

-Сен қазақ екенсің ғой. Түбі қай жерденсің?

– Қазығұрт  ауданындағы Көкібелденмін.

– Қай туғансың?

– Руым бағыс болады.

– Онда сен суансың ғой, Сабыр Рақымовтың бауыры екенсің ғой!, – деп құшақтай алғаны.

– Иә!

Ол кісі туғанымдай болып кеткен. Соғыс кезінде оның адъютанты болғанмын. Көкібелін аузынан тастамаушы еді., акамыз. Нағыз әскери адам боп жаратылған, төзімді жан еді. Бәрінен де бауырмалдығын айтсайшы?!

Сол Хуртам ағамызбен жақын араласып кеттік. Өтініштеріне қолдан келгенше көмектесемін. Бір күні шаруасын бітіріп, оңашада көңілді отырғанда:

Рәшид бауырым, өмір деген қызық қой. Бәрі де тағдырыңа байланысты екен… – деп таза қазақша сөйлеп тұр. Менің аузым ашылып, аң-таң күйде қалдым. Түс көргендей боп:

Сіз қазақсыз ба? –дедім.

Е-ей, Рәшиджан, біздің түбіміз қазақ қой!, – дегені күрсініп.

Ары қарайғы сұрақтарыма жауап бермей, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.  Әйтсе де, іштей әңгімелесуден байқағаным, Сабыр атамыз бұл кісінің түбі қазақ екенін білген секілді. «Туған ағамдай, әкемдей еді ғой маған» деген сөзі есіме қайта-қайта түсе береді.

Мына әңгімені тыңдаған сайын жан-дүниеңді тағы бір ыстық от қарып өткендей. Салыбай ағамыз Кеңес Одағының батыры деп көрсеткен Хурам Ашуров кейіннен тағы да қазаққа жолығып қалуы да кездейсоқтық па? Әлде бір заңдылық бар ма? «Түбім қазақ» деп сыр тартуы нені меңзейді екен? Дәл осындай  сұрақтар әрбір оқырманды мазалайтыны рас. «Бәрі тағдырға байланысты екен…» дегеннің ар жағында тағы да не жатуы мүмкін?

***

Сабыр Рақымов – әрбір қазақтың  мақтан тұтар батыры. Бүгінде оның атын жырға қосып, төбемізге көтеруге толығымен құқымыз бар. Белгілі ақынымыз Ілияс Жансүгіров:

Cыр түйіні – ақиқат,

Ақиқат, шындық көпке ортақ» – дейді.

 АҚЫНЖАНДЫ САБЫР

«Аузы дуалы болған кісі. Лүтпе деген немере қарындасының айтуынша, 1943 жылы туған жеріне келген ғой. Сонда қазаққа тән өнерге құштарлығын, ақынжандылығын көрсетіпті. Баршакүл деген ауылдағы замандасымен қауышқанда:

Баршакүл, сұлулығың мақтадайсың,

Жақсы болсаң, көңілге дақ салмайсың.

Қай жерімнен дұшпаным кемітеді,

Бетегеде отырған датқадайсың, – деп көрісіпті».

Читать далее

Сабыр Рахымовтың қызметінің тарихи тізбесі: (хронологиялық тәртіп бойынша)

1941 жыл

10 шілде –

10 қыркүйек

Соғысқа аттанады. Смоленск шайқасының Ельня түбінбегі ұрыстарына қатысты. Полк командирінің орынбасары болды. Осы ұрыста ауыр жараланып, сол иығын оқ тесіп өтті.

1 тамыз –

15 қазан

Страврополь өлкесінің Железноводск қаласындағы госпитальда емделді.

Қазан

Закавказье майданына  жолдама алды. 395-ші Тамань атқыштар дивизиясына жіберілді. 1149-шы атқыштар полкін басқарды.

1942 жыл

Мамыр

353-ші атқыштар дивизиясы командирінің орынбасары

Шілде

Миус және Дон өзендері аймағында ұрыс жүргізілді

22 шілде

Дивизия Дон өзенінен өтіп, Ростов қаласының солтүстік шетіне орналасты. Ильинка және Жоғары Курников елді мекендері үшін шайқасты.

9 тамыз

Дивизия Краснодар бағытындағы Усть-Лабанск елді мекені маңындағы жерге орналасты.

20 тамыз

Солтүстік Кавказ майданының 47-ші армиясы қатарында соғысты. Жауды Кубань, Таман аймағынан қуып, Краснодар мен Новороссийкіні азат етуге қатысты. Тамань түбегінің батыс жағын азат етті. 395-ші дивизияға Тамань құрметті атағы берілді.

26 қазан

395-ші  атқыштар дивизиясының командирі. 395-ші атқыштар дивизиясы Туапсе қорғаныс операциясына қатысты. Дивизия 18-ші армияның құрамына Краснодар өлкесіндегі Чердаклы, Македоновка, Новопавловка, Нижний Нагольчик тәрізді ірі елді мекендер мен Мариуполь қаласын азат етуге қатысты. Екі рет жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды. Солтүстік Кавказдағы фашист әскерлерін талқандау үшін Оңтүстік және Сырткавказ майдандарына қатысты.

1943 жыл

Қаңтар

Дивизия Кутаис, Ключевая, Бакинская, Нечаевская, Катловина, Гунайка, Шаумян елді мекендерін басып алды.

«ІІ дәрежелі Суворов» орденімен марапатталды.

Сәуір

395-ші атқыштар дивизиясы 37-армияның құрамында күресті. КСРО Қорғаныс Комиссариаты Бас Кадрлар резервіне жіберілді. Ворошилов атындағы Жоғары әскери академияға қабылданды.

19 наурыз

Генерал-майор әскери шенін алды.

Мамыр

Елге демалысқа кетті.

1944 жыл

 

Академиялық жеделдетілген курста оқыды

8-қыркүйек

47-ші гравдиялық дивизиясының командирі. Мәскеудің маңындағы Козельск-Калуга жеріндегі ұрыстарға қатысты.

 

Белоруссияның Баранович, Слонит, Беласток, Граудец қалаларын жаудан тазартты.

2 рет  Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1945 жыл

 

Шығыс Пруссия, Польша жерлерін азат етуге қатысты.

26 наурыз

Данциг қаласының маңында қаза табады.(Гданьск, Польша).

«ІІ дәрежелі Кутузов» орденімен марапатталады.

1965 жыл

6 мамыр

КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарығы бойынша ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді

1939 жылы фашистік Германия бас көтеріп, Екінші дүниежүзілік соғыс бастаған кезде абақтыға жабылған әскери командирлер мен қатардағы әскери қызметкерлердің көпшілігін босатады. Босағаннан кейін ол Өзбекстан ОСОАВИАХИМ ұйымдары кеңесінің жауынгерлік дайындық бөлімін басқарады. 1941 жылы соғысқа 43-армияның 104-моторлы атқыштар полк командирінің орынбасары қызметімен кіріседі. Соғыс жылдарында полк командирі, дивизия командирінің орынбасары, атқыштар дивизиясының командирі сияқты көптеген қызметтерді атқарады. Соғысқа майор болып барған Сабыр бабамыз небәрі 2 жылдың ішінде генерал атанады. Соғыс кезінде 3 бірдей дивизияға басшылық жасады. Сталин бұл кісіге «темір генерал» деп ат қойған.

1943 жылы Кавказбағытындағы  Рақымов дивизиясы 50-ге тарта елді мекенді жау қолынан азат етеді.Осы ұрыста Сабыр снаряд жарылысынан ауыр жараланып, миы шайқалып, контузия алып қалады. Госпитальда аз ғана уақыт ем қабылдаған батыр майданға қайтадан оралады. Қарт Кавказды азат ету жолында 1943 жылы 9 қаңтарда таулы орман, құз, үңгір, сай-салаларға тығылған фашист қарулы күштерінің қалғанын жайратып салады. Солтүстік Кавказдағы жауға қарсы көрсеткен ерлігі үшін С.Рақымов тағы да екі рет «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Осы жылы 19 наурызда КСРО Халық Кеңесі комиссарының шешімімен 395-атқыштар дивизиясының командирі Сабыр Рақымовқа  өте ұшқыр қолбасшылығы мен асқан ерлігі үшін генерал-майор атағы беріледі.

Шені жоғаралауына байланысты мықты қолбасшының саяси сауатын  көтеру және әскер өнерін тереңірек  меңгеру мақсатында Мәскеудегі Бас Штаб академиясына жіберіледі. Үздіктер қатарында тәмамдап шығысымен, туған жері Қазығұртқа, кейін Ташкентке соғады. Туған жер топырағында аунап-қунап, туыстарымен қауышқан соң көп ұзамай майданға қайта оралады.

Ұрыс даласы 1-ші Белоруссия майданында жалғасып,  ауыр әскери техника, танкілер коллонасы, қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік  тиелген машиналар, жаяу әскерлер тізіліп батысқа қарай бет бұрады. Жауынгерлердің рухы биік. Қаңырап бол қалған елді мекендерді көріп  адамның жаны құлазиды. Сабыр Рақымов осы тұста да ерлік танытып, «Қызыл Ту» және Богдан Хмельницкий ордендерімен марапатталады.

Осындай қанаттудан соң, Висла үшін шайқасқа Сабыр Рақымовтың дивизиясы жаңа қарқынмен араласты. Шайқас 1944 жылдың желтоқсанына дейін созылып, жау ордасына «тіл» жіберіп, алған ақпараттар негізінде жауды талқандаған Рақымовтың атағы бұрынғыдан да тарай бастайды. Оның кез келген қиын жағдайдан амалын тауып, айласын асырып, жеңіспен шығатыны қол астындағы жауынгерлерді ғана емес, армия басшылығын да тәнті етті…

Читать далее

Адрес:Алматы
Тел.:+7 (--) -------
Email:turinbetova@mail.ru
Время работы с 9 до 18 без выходных
Пожаловаться на сайт